11B(p,γ)12C радиациялық қармау реакциясының негізгі және 12С бірінші қоздырылған күйлеріне жаңа өлшемдердің нәтижелері берілген. Осы нәтижелерді сәйкес тәжірибелік әдебиет деректеріне қалыпқа келтіру арқылы 00 бұрышы және 482-ден 1337 кэВ дейінгі үдетілген протон энергиялары үшін дифференциалдық қималар алынды. Өлшенген ддифференциалдық қималар негізінде және осы энергетикалық аймақтағы 11B(p,γ)12C реакциясының бұрыштық таралулары туралы әдебиет деректерін пайдалана отырып, 11B(p,γ)12C радиациалық қармау реакциясының жалпы көлденең қималары мен астрофизикалық S факторлары 12С негізгі және бірінші қозған күйі (барлық алынған мәндердің статистикалық қателері 10%-дан аз) үшін алынды. Алынған тәжірибелік деректер Янг схемалары бойынша орбиталық күйлердің жіктелуі мен және рұқсат етілген және тыйым салынған күйлерді ескере отырып, модификацияланған потенциалды кластерлік модель шеңберінде жақсы сипатталған. Өлшенген тәжірибелік көлденең қималар негізінде және жоғарыда келтірілген теориялық модельді пайдалана отырып, бұл реакция жылдамдығы 0-ден 100 миллион градус Кельвинге дейінгі температура диапазонында есептелді. Қателік шегінде бұл жұмыстың нәтижелері бұрынғы жұмыстардың деректерімен сәйкес келеді.
Мақалада ғылыми жарияланымдарды тиімді сақтау, ұйымдастыру және талдау үшін деректер базасына (ДБ) қойылатын негізгі функционалдық талаптар қарастырылады. Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының ғылыми қызметінің 30 жылдық кезеңіндегі материалдарды талдау негізінде, сондай-ақ пайдаланушылардың мүдделерін ескере отырып, ДБ функционалдығы мен құрылымына қойылатын талаптар айқындалды. Нәтижесінде пайдаланушы мен сервердің сенімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін құралдар мен технологияларды пайдалана отырып, ДБ жобаланды және әзірленді. Жасалған пайдаланушы интерфейсі деректермен жұмыс істеудің ыңғайлы құралдарын ұсынады. Деректер базасы деректерді талдаудың тиімді құралы болып табылады, өйткені ол талдаудың әртүрлі түрлерін жүргізуге мүмкіндік беретін көптеген функцияларға ие: берілген критерийлерге сәйкес деректерді іріктеу мүмкіндігі, оларды әртүрлі параметрлер бойынша сұрыптау және кейінгі талдау үшін алу. Осы мүмкіндіктердің арқасында пайдаланушылар аналитикалық жұмысты тиімді жүргізе алады, мәліметтердегі заңдылықтарды, тенденциялар мен қатынастарды анықтай алады, бұл деректер базасын зерттеу мен шешім қабылдауда қажетті құралға айналдырады.
Энергетика дегеніміз экономика мен бүкіл қоғамның ойдағыдай дамуының негізі. Алайда бүгінгі күні Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және болжамдарға сәйкес 2029 жылға қарай 3 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы болжалып отыр. Сондықтан атом электр станциясының құрылысы бүгінде еліміздің күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Осыған байланысты атом электр станцияларын салуға байланысты барлық салаларды жан-жақты зерделеу және кәсіби пысықтау қажет. Қаржы-экономикалық модельдеу бизнестегі болжау, жоспарлау және басқарудың белгілі құралы. Әдетте бизнесидеяларды талдау ҚЭМ-нен (қаржы-экономикалық моделден) басталады, ал егер моделде ұсынылған баға берулер бизнес-жобаның тиімділігін көрсетсе, онда инвесторлар жобаны толығырақ қарастыруға және сайып келгенде, оған өз қаражаттарын салуға дайын. Әдетте толыққанды ҚЭМ негізгі конструкторлық жобалау шешімдері мен ұйымдастырушылық-әкімшілік ісшаралар (қаржылық схемаларды қоса алғанда) анықталған кезде инвестициялық жобаның техникалықэкономикалық негіздемесі (ТЭН) сатысында құрылады. Моделді талдау және оның көмегімен қаржыэкономикалық көрсеткіштерді бағалау жобаны одан әрі іске асыру туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Жалпы қуаттылығы 2.4–2.7 ГВТ дейінгі екі блок етіп жасалған станция құрылысына үлестік күрделі шығындар шамамен 10–12 млрд. АҚШ долларын құрайды, ТЭН әзірлеуге жұмсалатын қаржы шығындары 100 млн. АҚШ долларынан астам шамаға жетуі мүмкін, ал ТЭН-ді толық көлемде дайындауға қажет болатын уақыт – шамамен 3 жыл.
Қарауға ұсынылып отырған әдістеме АЭС жобаларының қаржылық тиімділігі мен тұрақтылығын айқындауға арналған кейбір бастапқы деректердің статистикалық дәлсіздігіне қатысты жеткілікті дәрежеде АЭС құрылысының тұрақты жобаларының ҚЭМ құрудың экспресс-әдісі болып табылады. Атом энергетикасы саласының ірі инвестициялық жобаларын экономикалық бағалауға қолданылатын мәліметтер мен тәсілдер жиынтығы болғандықтан бұл әдістеме белгілі бір дәрежедегі жаңалық және әртүрлі бастапқы деректерін салыстыра отырып АЭС құрылысының көптеген жобаларын егжей-тегжейлі зерттеу кезінде бірнеше оңтайлы жобаны жедел таңдау мақсатында қолданыла алады. Қазақстан Республикасының, сондай-ақ әлемнің көптеген қарқынды дамып келе жатқан елдерінің энергетикалық сектор мен өнеркәсіпті декарбонизациялауға қабылдаған бағытын ескерсек, бұл жұмыс айтарлықтай өзекті.
Бұл жұмыста Қазақстандағы АЭС қаржы-экономикалық моделінің компоненттерінің тізімі мен тәсілдері, инвестициялық жобалардың тиімділік өлшемшарттары, жобалардың тәуекелдерін бағалау ұсынылған, сондай-ақ әдістеме валидациясы жүргізілген.
Қазіргі таңда, целлюлоза негізіндегі өздігінен ыдырайтын, табиғатқа зиян келтірмейтін композиттік материалдарды алу және оны қолданысқа енгізу – бірқатар экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік беруде. Осыған байланысты, целлюлоза алуға болатын шикізат көздерінің қатары көбейіп, оларды қолдануда экономикалық және экологиялық тиімділігі, алынатын целлюлозаның қасиеттері кеңінен зерттелуде. Жұмыста, P63LE10 «Пионер» (США) күнбағыс тұқымы қауызынан мұзды сірке қышқылы мен концентрациясы екі есеге төмендетілген 42%-дық сірке қышқылы негізінде алынған пероксисірке қышқылдарын салыстырмалы түрде қолдана отырып, микрокристалды целлюлоза алу процесі зерттелді. Зерттеу нәтижесінде концентрациясы екі есе төмен сірке қышқылы қолданылған пероксисірке қышқылы қатысында алынған МКЦ-ның (МКЦ2) шығымы 3,7%-ға, ал құрамындағы α-целлюлоза мөлшері 3,6%-ға жоғары болатындығы анықталды. Дегенмен, ондағы қалдық лигниннің мөлшері 24,02% тең болып, аморфты құрылым іздері (следовые количество аморфных структур) ИҚ-спектроскопия және XRD дифрактограммасы арқылы анықталды. Керісінше, мұзды сірке қышқылы негізінде алынған пероксисірке қышқылын қолдану арқылы алынған МКЦ1 шығымы мен құрамындағы α-целлюлоза мөлшері МКЦ2 салыстырғанда аздау болғанымен, алынған өнім макромолекулалардың кристаллографиялық бағдары бар целлюлозаның реттелген бөлігінің жоғары мөлшерімен және жоғары тазалық дәрежесімен ерекшеленеді.
Бұл жұмыста легірлеуші элементтердің (азот, марганец, мыс және вольфрам) және ВВР-К реакторындағы нейтрондық сәулеленудің максималды 2·1020 н/см2 флюенсіне дейін сәулеленген және 500–800 ℃ температура аралығындағы провакациялық қыздыруға ұшыраған AISI 316 LN аустенитті болатының питтинг коррозиясына төзімділігіне әсері зерттелді. Марганец AISI 316 LN болатының коррозиялық қасиеттерін айтарлықтай жақсартады, ал мыс пен вольфрамды қосу коррозияға төзімділікті төмендететіні анықталды. 100 ℃ интервалмен 500- ден 800 ℃-қа дейін температурадағы қоздырғыш қыздырулар нитридтер мен хром карбидтерінің түзілуіне байланысты сәулеленбеген күйдегі болаттардың коррозияға төзімділігін нашарлататыны, ал мыс қосу сенсетизация дәрежесін төмендететіні көрсетілген. Алынған нәтижелерге сәйкес, нейтрондардың 2·1020 н/см2 максималды флюенске дейін сәулелендіру, суық илектеуден кейін және провакациялық қыздыруға ұшырамаған болаттардың коррозия жылдамдығының төмендеуіне әкелгені анықталды. Нейтрондармен сәулелендірілген 211 L-213 L болат үлгілерін 700–800 ℃ температурада қыздыру, коррозия жылдамдығының жоғарылауына әкелді, әсіресе мыспен легірленген болаттарда. Нейтрондық сәулелену сенсибилизация әсерін едәуір арттырады.
200 мг ұнтақ үлгілеріндегі алтынды ЗРК ССР-Қ реакторында пневматикалық тасымалдау жүйесін қолдану арқылы ИНБТ әдісімен анықтау мүмкіндігі зерттелді. Алтын кені мен оны өңдеуден алынған қалдықтардың үлгілеріне зерттеулер жүргізілді. Стандартталған зерттеулер жүргізу үшін сәулелену режимдері әзірленді. Бірнеше зерттеу режимдері үшін алтынды анықтау шектері анықталды. Алынған нәтижелерге талдау жасалды. Бұл әдісті геологиялық үлгілердің үлкен партияларын зерттеу кезінде үлгілерді сұрыптау және талдау үшін сәтті қолдануға болады.
CCР-Қ (Су-Су Реакторы-Қазақстан) төмен байытылған уран (ТБУ) отынына өтуіне байланысты күрделі жаңғыртудан кейін қайта іске қосылды және 2016 жылғы қыркүйектен бастап (ТБУ) отынымен жұмыс істейді. 1967 жылы салынған реактор заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес айтарлықтай жаңартылды. Қазақстандағы нейтрондардың бұл маңызды көзі физика, химия, биология, материалтану саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер, сондай-ақ материалдарды радиациялық өңдеу және радиоизотоптар өндіру сияқты әртүрлі мақсаттарға қызмет етеді. Ол кадрларды даярлау үшін де қолданылады. CCР-Қ реакторының базасында эксперименттік станциялардың базалық жиынтығын орнатуға мүмкіндік беретін қондырғы жасау жобаларын іске қосу жоспарлануда. Зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтетін ультра суық нейтрондардың (УСН) көзін құру үшін айтарлықтай күш жұмсалады. Ол үшін жылу бағанының текшесін – 1000 мм-ге дейінгі объектілерді сәулелендіруге мүмкіндік беретін үлкен диаметрлі көлденең арнаны пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар, жылу бағанының текшесінде төрт радиалды канал бар, оларды суық (10−6–10−3 эВ) және өте суық (10−7–10−6 эВ) нейтрондарды шығару үшін пайдалануға болады. Мақалада CCР-Қ реакторының жылу бағанының текшесінде ағымдағы және қосымша модераторы бар конфигурациялары үшін нейтрондық және гамма өрістерінің кеңістіктік және энергетикалық таралуының есептеулері келтірілген. Қосымша модераторы бар конфигурация баяу (<1 эВ) нейтрондық өрістердің ұлғаюына әкелмейтіні көрсетілген және ағымдағы модератордың қалыңдығы оңтайлы болып есептеледі.
Реакторішілік эксперименттерді әдістемелі қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қатайту сәулеленетiн эксперименттiк құрылғылардың қауiпсiздiк тұрғысынан маңызды параметрлерiн болжау сапасын арттыру қажеттiгiн айқындайды. Осы жұмыста ИГР реакторында сәулелену кезінде құрылғы элементтерінің температурасын сапалы болжау үшін реактордың нейтрондық және гамма-өрістерінің әсерімен радиациялық қыздыру тетіктерінің талдауы ұсынылған. ИГР реакторында жоспарланған сәулелену кезінде конструкциялық материалдардың үлгілерін нәтижелі радиациялық қыздыруға әртүрлі нейтронды-физикалық процестердің салымын айқындау бойынша есептеулер жүргізілді, конструкциялық материалдардың үлгілерінде көлемдік энергияның бөлінуі айқындалды.
Жаһандық климаттың өзгеруі адам қызметінің барлық салаларына және жалпы әлемдік экожүйеге әсер етеді. Температураның жоғарылауы, атап айтқанда, мұздықтардың еруінің жеделдеуіне әкеледі, бұл өз кезегінде мұздық қоректенетін өзендердің ағынының өзгеруіне әкеледі. Бұл құбылыс сөзсіз осы өзендердің суын пайдаланатын елді мекендердің өміріне әсер етеді. ҰЯО бақылау желісінің сейсмикалық және инфрадыбыстық станциялары жылдар бойы жер мен ауаның ауытқуын тіркеп келеді. Жинақталған аспаптық бақылау дерекқорында алдыңғы он жылдықтардағы климаттың өзгеруі туралы ақпарат бар, мысалы, мұздық жер сілкіністерінің жиілігі мен кеңістіктік таралуы. Осыған байланысты, қазақстандық мониторинг желісі соңғы екі онжылдықта алған сейсмикалық және инфрақызыл деректерді зерделеуге негізделген мұздықтардың жойылу режимінің өзгерістеріне талдау жүргізу және табылған заңдылықтардың жаһандық климаттың өзгеруімен байланысын зерделеу ұсынылады. Осы мақалада климаттың таулы мұздықтарға әсері туралы қазіргі заманғы идеялар, Қазақстан мұздықтарының мөлшері мен жай-күйінің өзгеруі туралы жалпы мәліметтер сипатталған. Крио сейсмологияны мұздықтардың өзгеру динамикасын зерттеудің жаңа құралы ретінде қолдану мүмкіндігі қарастырылуда. Мақаланың қорытындысында әдеби деректер бойынша Тянь-Шань аймағындағы сейсмикалық әдістермен мұздықтардың динамикасын зерттеу нәтижелері келтірілген.
Ресейлік әртүрлі типті реакторлардағы АЭС-тің атмосфералық шығарындыларына, сондай-ақ жобалық және жобадан тыс авариялардың сценарийлеріне арналған шығарындыларға жүйелі талдау жасалды. Көп жылғы деректерді зерделеу негізінде жиынтық белсенділікті жинақтайтын негізгі радионуклидтер анықталды. Қайнайтын сумен жұмыс істейтін су реакторларында (BWR) және қысымдағы реакторларда (PWR) постулатталған авариялар кезіндегі шығарындылардың құрамы талданды. Алынған нәтижелер АЭС шығарындыларынан халыққа түсетін дозалық жүктемені есептеу және негізгі доза түзуші радионуклидтердің тізбесін қалыптастыру үшін бастапқы деректер ретінде қаралады. Мұндай есептеулердің қажетті компоненттері – аймақтық мәліметтер негізінде параметрленген модельдер. «Радионуклид – қоршаған орта компоненті» жүйесіндегі саралау АЭС орналасқан аймақтың радиоэкологиялық мониторинг регламентін әзірлеу кезінде маңызды кезең ретінде қарастырылады.
Металл плазма ағынын алу үшін вакуумдық доғаның импульстік үдеткіші жасалды және оның камерадағы вакуум деңгейінің өзгеруі кезіндегі жұмысы зерттелді. Аксиалдық симметриялық электродтарды қолданған кезде алдымен катодтағы солғын разряд, содан кейін доғалық разрядтың пайда болуы және плазманың анодтық потенциалмен одан әрі үдеуі көрсетілген. Вакуумның 10−4 мбар жоғары деңгейінде плазманың жүйенің осіне қарай ығысуы және плазманың өзінің магнит өрісінде қысылуы байқалды. Сондай-ақ жоғары жылдамдықты ағын генерациясы қондырғының жұмысына ілесе жүреді, оның жылдамдығы негізгі ағынның жылдамдығынан біршама жоғары. Плазманы генерациялау механизмі мен оны үдету ерекшеліктері, сондай-ақ вакуумның әртүрлі деңгейінде қондырғыда жабын алу шарттары талқыланады. Осы жұмыста жасалған қондырғы конструкциясының қарапайымдылығымен және тиімділігімен ерекшеленеді.
Жұмыста бүрку қашықтығын өзгерту арқылы TERMIKA-3 қондырғысында HVOF әдісімен алынған 86WC-10Co4Cr жабындарын металлографиялық және трибологиялық зерттеу нәтижелері келтірілген. Бүрку қашықтығының жабынның микроқұрылымына, фазалық құрамына, сондай-ақ механикалық және трибологиялық қасиеттеріне әсері зерттелді. Элементтердің фазалық құрамы, микроқұрылымы және таралуы рентгендік дифракция (РД), сканерлеуші электронды микроскопия (СЭМ) және энергия дисперсиялық спектроскопия (ЭДС) әдістерін қолдану арқылы талданды. Сынамалардың қаттылығы Виккерс әдісімен микро-қаттылық өлшегіште өлшенді, үйкеліс коэффициенті мен тозу дәрежесі үйкеліс пен тозу өлшегішінің көмегімен зерттелді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, тозуға төзімділігі мен қаттылығы жоғары және кеуектілігі төмен 86WC-10Co-4Cr жабындарын алу үшін оңтайлы бүрку қашықтығы 300 мм екені анықталды.
Бұл зерттеу вольфрамның және оның қорытпаларының беткі қабатының физикалық-механикалық қасиеттеріне плазмалық сұйық фазалық қоспалаудың әсерін зерттеуге арналған. Мыс және цирконий жабыны бар вольфрамның тәжірибелік үлгілері компрессиялық плазмалық ағындармен (КПА) өңделген. Үлгілердің элементтік құрамы энергодисперсиялық рентгендік спектроскопия (ЭДС) арқылы анықталды, ал тордың деформациясы мен қалдықтық кернеулері рентгендік дифракция әдісі арқылы бағаланды. ЭДС нәтижелері плазмалық әсерден бетке жақын қабатта вольфрам мен цирконийдің біртекті қорытпасының пайда болуын көрсетті. Вольфрамды КПА көмегімен өңдеу тордың деформациясын үлкейтеді. W-КПА-ның беткі қабатында, 6 ГПа-ге жететін қысу кернеулерінің пайда болуы анықталды, ал мыспен қоспаланған W-Cu жүйесінде нөлге жақын созу кернеулері байқалады. W-Zr жүйесі үшін максималды қысу кернеулері 5 ГПа-ге жетеді. Вольфрамға мысты қосу циркониймен қоспаланумен салыстырғанда қалдықтық ішкі кернеулердің деңгейін айтарлықтай төмендететіні анықталды. Алынған нәтижелер термоядролық энергетикада және басқа салаларда пайдалану үшін жақсартылған сипаттамалары бар жаңа вольфрам қорытпаларының дамуына ықпал етуі мүмкін.
Берілген жұмыс дейтерии плазмасының әсеріне ұшыраған кездегі вольфрамның беткі қабатының беткі морфологиясы мен құрылымдық-фазалық күйлерінің өзгеруіне аралас W–C қабаттарының әсерін зерттеуге арналған. Карбидизация және плазмалық сәулелендіру бойынша тәжірибелер әртүрлі иондық энергиялар мен бет температураларында плазмалық щоқтық қондырғыда (ПШҚ) жүргізілді. Карбидизация кезінде жұмыс газы ретінде метан (СН4), ал плазманы сәулелендіру кезінде дейтерий пайдаланылды. 500 эВ иондық энергиясы бар D плазмасының аралас қабаттары бар вольфрам бетіне әсер етуі ~1750 °C температурада карбидті қосылыстардың толық жойылуына және вольфрамның одан әрі эрозиясына әкелді. Дегенмен, ~900 °C температурада екі фазаға негізделген аралас қабаттар (WC және W2C) дейтерий әсеріне жоғары төзімділікке ие, бұл фаза мөлшерінің шамалы өзгеруімен дәлелденеді.
Бұл жұмыста ПМ-6 қолданбалы зерттеулер қондырғысында жоғары жиілікті (ЖЖ) разрядты пайдалана отырып, метан пиролизі арқылы сутегін алудың эксперименттік нәтижелері көрсетілген. Табиғи газды сутегіне конверсиялаудың тиімділігіне қондырғы параметрлерінің (ЖЖ разрядының қуаты, газдардың қатынасы) әсері бойынша алғаш рет эксперименттік нәтижелер алынды. ЖЖ разрядын қолдана отырып, метанды сутегіне конверсиялау технологиясы жүзеге асырылды, максималды конверсия дәрежесі 82% және сутегі селективтілігі 15% болды. Аргон ортасындағы метанды ЖЖ разряды арқылы сутегіне айналдыру бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері метанның ыдырау тиімділігін арттыру үшін катализаторларды қолдану арқылы жүргізілетін эксперименттерде пайдаланылуы мүмкін.
Бұл жұмыста КТМ токамагының графиттік тайлдарынан газ бөлінуін зерттеу бойынша эксперименттердің нәтижелері ұсынылған. Эксперимент жүргізу әдістемесі мен эксперименттік вакуумдық стендтің құрылысы егжей-тегжейлі сипатталған. Графиттік тайлдардан газ бөлінуінің 200 ℃ температураға дейінгі қыздыру барысында уақытқа тәуелділігі, жоғары вакуумдық сорғы арқылы тұрақты сордыру режимінде, КТМ вакуумдық камерасын қыздыру жағдайын имитациялай отырып, көрсетілген. Сондай-ақ, вакуумдық стенд камерасындағы вакуум ортасының құрамы қыздыру алдында және вакуумды камера (ВК) суығаннан кейін масс-спектрометриялық талдау жүргізілген. Эксперименттік деректерге талдау жасалып, КТМ ВК ішіндегі шекті қалдық қысым бағаланды.
Қант диабеті – қандағы глюкоза деңгейін бақылауға арналған сенімді және дәл құрылғыларды жасауды қажет ететін денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Бұл зерттеуде глюкозаны электрохимиялық анықтауға арналған модификацияланған полиэтилентерефталатты тректі мембраналар (ПЭТФ ТМ) негізінде ферментсіз сенсор жасалды. Мембрананы алтын наноқұрылымдарының адгезиясын жақсарту және алтынды химиялық тұндыру процесінің тиімділігін арттыру мақсатында меркаптопропилтриметоксисиланмен (МПТМС) модификациялау қолданылды. Модификация сенсордың бетінің ауданын 0,91±0,25 см²-ге дейін айтарлықтай арттырды. Вольтамперометриялық өлшеулер ток тығыздығы мен глюкоза концентрациясы арасындағы сызықтық тәуелділікті 0,1-ден 16 мМ-ге дейін көрсетті, ал ПЭТФ ТМ/МПТМС@Au сенсорларының анықтау шегі 0,058 мМ құрады. Жасалған сенсорлар жоғары сезімталдық пен тұрақтылықты көрсетеді, бұл олардың биосенсорикада қолданылу мүмкіндігін кеңейтеді.
Мақалада Семей сынақ полигонының сынақ алаңдарында ионды сәуле шығарудың әр түрлі қуаттылығының созылмалы әсер етуінің табиғи жағдайларында мекендейтін секіргіш кесірткелердің (Lacerta agilis Linnaeus) табиғи популяциясындағы дозалық жүктемелерді бағалау нәтижелері келтірілген. Секіргіш кесіртке 137Cs және 90Sr техногендік радионуклидтердің құрамы бойынша ССП алаңдарында биотаның радионуклидтік ластануының индикаторы ретінде сенімді қызмет ете алатыны анықталды. Кесірткелердің дозалық жүктемелерін есептеу барысында, радионуклидтік ластануы тарихи әртүрлі дәрежедегі ССП-ның зерттелген әртүрлі техникалық алаңдарында жүргізілген жарылыстардың түріне, қуатына және сипатына байланысты тіршілік ету ортасының радионуклидтік ластануының индикаторы болып табылатын кесірткелердегі дозалық жүктеменің де айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетеді. «Дегелен», «Балапан» техникалық алаңдарында оның басым бөлігі тек 137Cs сыртқы сәулелену есебінен қалыптасқан. «4А» алаңында, бір кездері әскери радиоактивті заттектердің («рецептуралар» деп аталған) сынағы жүргізілген жерде, секіргіш кесіртке үшін сәулелену дозасының ең жоғары қуаты 2,2·10−2 Гр/тәул дейін тіркелген және ол алдыңғы алаңдарға қарағанда – тек қана 90Sr-ден ішкі сәулелену есебінен мүлдем басқаша қалыптасқан.
Жұмыста Абай облысы Бесқарағай ауылының су ресурстарын зерттеу нәтижелері ұсынылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сулардың макро-, микро-құрауыштары және изотоптық құрамдарының, жалпы химиялық көрсеткіштерінің нәтижелері алынды. Судың изотоптық құрамы (2Н және 18O) кең ауқымда өзгеретіні және жерасты суларының тұрақты «жеңіл» изотоптық құрамымен сипатталатыны анықталды. Зерттелетін су үлгілері минералдану дәрежесі бойынша тұщы және сәл тұзды болып жіктеледі. Қышқылдық деңгейі бойынша-бейтарап және сәл сілтілі. Кермектік дәрежесі бойынша-жұмсақ, орташа кермекті және кермек су. Иондық құрамы бойынша гидрокарбонатты – сульфатты – хлоридті және натрийлі – магнийлі – кальцийлі топтың сулары басым.
ТҮЗЕТУ
ISSN 1729-7885 (Online)